Халықаралық көпмодальды тасымалдау Форумы Ташкент қаласында өтті

Халықаралық көпмодальды тасымалдау Форумы Ташкент қаласында өтті

Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бастамасымен, Түркі логистика  орталықтары мен жүк тасымалдаушылары Альянсы және Өзбекстан Республикасының Көлік министрлігі ұйымдастырған Халықаралық көпмодальды тасымалдау Форумы 2025 жылғы 12 қарашада Ташкент қаласында өтті.

Форум Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Түркі мемлекеттері ұйымының Бішкек және Габала саммиттерінде ұсынған бастамалары аясында жүзеге асырылды.

Жиынға мемлекеттік және жеке сектор өкілдері, жетекші көлік және логистика компаниялары, сондай-ақ түркі әлемі мен өзге елдерден келген шамамен 400-ге жуық іскер топтар қатысты. Форум ақпарат алмасуға және көпмодальды тасымалдау дәліздерін дамытуға бағытталған ортақ бастамаларды талқылау үшін белсенді алаңға айналды.

Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы, Елші Кубанычбек Омуралиев жиынның ашылу салтанатында аталмыш платформалардың үкіметтер мен жеке сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, практикалық шешімдер дайындауға, сондай-ақ стратегиялық бағыттар бойынша жобаларды арттыруға үлкен септігін тигізетінін айтты.

Бас хатшы Орта дәліздің тек қашықтық пен тиімділік тұрғысынан ғана емес, жүктің қауіпсіздігі мен бағыттардың әртараптандырылуы жағынан да ерекше маңызға ие екенін айтты. Сондай-ақ, Омуралиев Орта дәліздің серпінді дамып келе жатқанын атай келе, жүк көлемі 2023 жылы 2,7 миллион тонна болса, 2024 жылы 4,5 миллион тоннаға жеткенін, ал 2027 жылға қарай 10 миллион тоннаға дейін өсетінін мәлімдеді.

Форум аясында Түркі мемлекеттерінің көлік министрлері, халықаралық ұйымдардың, жетекші компаниялардың өкілдері мен сарапшылар баяндамалар жасап, төмендегі тақырыптық секцияларда пікір алмасты:
    •    Көлік байланысын қамтамасыз етудегі Орта дәліздің рөлі: көлік бағыттары, бірлескен операторлар мен логистика және көпмодальды тасымалдау орталықтарын құру;
    •    Порт және құрлық инфрақұрылымын дамыту, теңіз тасымалы: жаһандық үрдістер, өңірлік сын-қатерлер және логистикалық тізбектердің трансформациясы;
    •    Электрондық құжат айналымына көшу: халықаралық тасымалдауда қолдану және интеграциялау тетіктері;
    •    Шекара өткелдері мен рәсімдерді жеңілдету: қиындықтары мен тиімді шешімдері

Форум Түркі мемлекеттерінің өңірлік көлік байланыстарын нығайтуға, логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға және тұрақты, тиімді әрі өзара іс-қимылға негізделген көпмодальды тасымалдау шешімдерін дамытуға деген берік ұстанымын тағы бір мәрте айқындады.