Мұсылман діни мекемелерінің ынтымақтастығын орнату – ТМҰ-ның жаңа бастамаларының бірі болып табылады.
Осыған орай, 2022 жылғы 15 сәуірде Ыстанбұлда ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің Дін істері жөніндегі мекемелерінің басшыларының алғашқы кездесуі өтті. Қатысушылар өз сөздерінде түркі-исламдық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, оларды діни мекемелер арасындағы тығыз ынтымақтастыққа айналдыру қажеттігін, сондай-ақ исламофобия мен радикализмге қарсы бірігіп күресу қажеттігін баса айтты.
Одан кейін, 2022 жылғы 6 мамырда Түркістанда «Түркі халықтарының Ислам өркениетінің дамуына қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің Дін істері жөніндегі мекемелерінің басшыларының екінші кездесуі өтті. Кездесуде бұл халықаралық конференция тек Түркі мұсылман әлемімен ғана шектелмей, жаһандық күн тәртібіндегі мәселелерді, атап айтқанда, исламофобияға, ксенофобияға, экстремизм мен радикализмге қарсы іс-қимылды да қамтитыны атап өтілді.
Сонымен қатар, ТМҰ Бас хатшысы 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Астана қаласында өткен Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысты. Съезд барысында Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің Декларациясы қабылданып, бұл құжат әлемдік дінаралық диалогтың күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді қамтып, әлемнің барлық үкіметтері, саяси көшбасшылары және халықаралық ұйымдары үшін бағдарлама ретінде қарастырылады. Съезд аясында Бас хатшы ТМҰ-ның мұсылман діни жетекшілерінің кездесуін ұйымдастырып, әлемдік және дәстүрлі діндердің бірқатар көшбасшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.
2022 жылғы 19-20 қазанда Баку мен Шушада ТМҰ Мұсылман діни басқармалары басшылары кеңесінің үшінші отырысы өтті. ТМҰ-ның мұсылман діни басқармаларының басшылары Әзербайжанның азат етілген аумақтарына және 2023 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы Шуша қаласына барды. Шушада ТМҰ Мұсылман діни басқармаларының басшылары «ТМҰ Мұсылман діни басқармалары басшылары кеңесін құру туралы Ережеге» қол қойды. Бұл құжат діни істер саласындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды. Сонымен қатар, діни жетекшілер «ТМҰ Мұсылман діни басқармалары басшылары кеңесінің бірлескен мәлімдемесін» қабылдады, онда олар Түркі мемлекеттері арасындағы діни істерді дамыту, нақты жобаларды жүзеге асыру және тиісті құрылымдар арасындағы байланысты нығайту мақсатында бірлескен ғылыми және діни орталықтар құруға міндеттеме алды.
Соңында, ТМҰ Мұсылман діни басқармалары басшылары кеңесінің төртінші отырысы 2023 жылғы 24-25 қарашада Ташкентте өтті. Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар «Исламның экстремизмге көзқарасы» құжатын әзірлеу, «Пәтуа үйлестіру тобын» құру, діни мәселелер бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, діни білім беру мекемелерінде тәжірибе алмасу бағдарламасын ұйымдастыру және Түркі-Ислам өркениетінің құндылықтарын көрсетуге арналған бірлескен форум өткізу туралы уағдаласты.




