Түркі мемлекеттер ұйымының Төтенше бейнесаммитінің қабылданған Баку декларациясында Тараптар пандемия салдарынан шекарадан өте алмай қалған және Мүше Мемлекеттердің аумағында қалған азаматтарға қолдау көрсету мен көмек көрсетудің, сондай-ақ ешқандай санкциясыз виза рәсімдерін жеңілдетудің маңыздылығын атап өтті.
Осы нұсқаулыққа сәйкес, ТМҰ-ның Хатшылығы мен ТМҰ төрағалық етуші Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік көші-қон қызметі 2020 жылғы 7 мамырда Мүше және Байқаушы мемлекеттердің көші-қон қызметтері мен тиісті органдарының басшылары арасында бейнеконференция форматында бірінші кездесу ұйымдастырды. Кездесуде тараптардың аумағындағы азаматтардың виза, рұқсат және көші-қон мәселелерін шешу үшін пандемияның кері әсері мен бірлескен іс-қимылдарды талқылау мәселелері қаралды.
Көші-қон қызметтері мен тиісті органдардың басшылары қабылданған шаралар, қолданылып жатқан рәсімдер және тараптардың азаматтарының виза мен тұру/жұмыс істеу рұқсаттары мәселелері бойынша статистикалық мәліметтермен алмасып, уақытша оқу, жұмыс және басқа мақсаттар үшін бір-бірінің аумағында жүрген азаматтарға қолдау көрсету жолдарын талқылады. Тараптар визалық және тұру рұқсаттарын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік-құқықтық шаралар қолданбау туралы келісімге келді.
Олар әуежайлар мен шекара өткізу пункттеріндегі күту аймақтарын қоса алғанда, бір-бірінің аумағындағы азаматтарға жан-жақты көмек пен көші-қон жеңілдіктерін ұсынудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, көші-қон талаптарын уақытша жеңілдету және мигранттарға әдеттегі мерзімнен тыс елде болуға мүмкіндік беру қажеттігін ерекше сөз етті.
Тараптар бір-бірінің аумағында тұратын азаматтардың едәуір санын ескере отырып, визалық және көші-қон мәселелерін шешу, келісілген шешімдердің іске асырылуын қамтамасыз ету және пандемия кезінде әрі одан кейінгі кезеңде ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында Көші-қонды үйлестіру тобын құруға келісті.
Көші-қонды үйлестіру тобының бірінші отырысы 2020 жылғы 7 тамызда бейнеконференция форматында өтті. Кездесуде Түркі мемлекеттері ұйымының Мүше мемлекеттерінің көші-қон қызметтерінің тиісті бөлімшелерінің басшылары Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген еңбек мигранттарының Мүше мемлекеттер аумағында еңбек қызметін заңдастыру мәселелерін талқылады. Тараптар еңбек көші-қонына қатысты заңнама талаптарымен, сондай-ақ пандемияға байланысты мақсатты елдерінен кете алмай жүргендерді қоса алғанда, Мүше немесе Байқаушы мемлекеттер аумағында тұратын немесе уақытша жүрген азаматтар туралы статистикалық мәліметтермен бөлісті және Түркі мемлекеттері ұйымы аясында бірыңғай дерекқор құруға келісті.




